Елордада онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша онкүндік өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 ақпанда Астанада онкологиялық орталықта Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларымен күрес күніне орайластырылған «Біздің қолымыздан келеді! Менің қолымнан келеді!» тақырыбында флешмоб өтеді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара халықты обыр ауруы, алдын алу және оны ерте анықтаудың маңыздылығы туралы хабардар етуге септігін тигізбек. Флешмоб барысында қалалық онкодиспансер қызметкерлері ақпараттық плакаттар арқылы аурудың белгілері мен оны диагностикалау әдістері туралы айтып береді.
Сонымен қатар, орталықта Астана қаласының онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевтың қатысуымен баспасөз маслихаты өткізіледі. Мекеме басшысы онкологиялық ауруларға, оны ерте анықтау және қатерлі ісікпен күресу әдістеріне қатысты сұрақтарға жауап береді.
Айта кетейік, Қазақстанның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі онкологиялық аурулармен күрес болып табылады. Биыл 1-10 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыру-әдістемелік қолдауымен онкологиялық аурулардың алдын алу және оны ерте анықтау бойынша онкүндік өтеді.
Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларымен күрес күні - 2005 жылдан бері Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес одағының (International Union Against Cancer, UICC) ұйымдастыруымен жыл сайын атап өтіліп келеді.