Елордада оңтүстіккореялық медицина орталығы ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мен Sung Kwang Medical Foundation Chaum медициналық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар №2 қалалық аурухана негізінде оңтүстіккорялық медициналық қордың ресми кеңсесін ашу туралы келісім жасасты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Елордалық кеңседе аталған орталықтың клиникалары туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ, қажетті зерттеулер жүргізіп, №2 қалалық аурухана мамандары арқылы «Чаум» клиникаларына жолдама алуға болады. Сонымен қатар, оңтүстіккореялық үздік мамандар республика тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетеді.
Меморандумға қол қоюдың мақсаты тараптар арасында тін жасушаларын және озық медициналық технологияларды пайдаланудың негізінде регенеративті медицинаны дамыту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық орнату болып табылады.
«Чаум» медицина орталығы Кореяда жасушалар технологиясы саласында алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда Азиядағы ірі медициналық және зерттеу орталығы медицинаның барлық салаларында қазіргі заманғы әлемдік стандарттар деңгейінде жоғары білікті көмек ұсынады және қартаюға қарсы терапия мен косметологияға мамандандырылған.
Қазақстандық тарап өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, онкология және церебралды параличті, Альцгеймер ауруын емдеу және т.б. саласындағы зерттеулерге ерекше қызығушылық танытып.
Меморандум аясында бірлескен зерттеулер мен ғылыми жобалар әзірлеу және іске асыру, регенеративті медицина мәселелері бойынша симпозиумдар, конференциялар, семинарлар мен шеберлік тәрістерін ұйымдастыру, сонымен қатар, науқастармен алмасу бойынша тұрақты байланыс орнату бойынша өзара жұмыс істеу, медицинаның өзекті бағыттары бойынша біздің мамандарды Оңтүстік Кореяда оқыту жоспарланған.