Елордада Орта Азия елдерінің жас суретшілері марапатталды (ФОТО)

Фестиваль қатысушыларына ҚР Мәдениет және спорт министрі, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комииссияның төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлы өз құттықтауын жолдады. Оны аталған ведомствоның жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев оқып берді.
«Мәдени мұраға бай көп ұлтты қазақ елі өзіндік қағидатты және мұратты қоғамның жарқын мысалы бола алады. Қазіргі уақытта жаһандық өзгерістер мен саяси оқиғалардың кезеңінде адами құндылықтарды сақтау идеялары жас ұрпақтар үшін өзіндік маңызға ие болып отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша еліміз 3-ші рет Орта Азия елдерінің шығармашыл дарынды балаларын қабылдап отыр», - делінген министрдің құттықтауында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ағымдағы жылы бұл байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің 700-ден астам жас қылқалам шебері қатысқан. Солардың ішінде салған туындылары байқау төрешілерінің көңілінен шыққан 150 оқушы бүгін марапатқа ие болды. Байқауға ұсынылған барлық суреттер альбом болып шығарылып, жас суретшілерге табыс етілді.