Елордада Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай «Голубые береты» ансамблінің концерті өтті

Салтанатты шараға «Нұр Отан» ХДП басшылығы мен ҚР Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, қоғамдық және саяси қайраткерлер, Ұлы Отан соғысы мен жауынгер-интернационалистер ардагерлері шақырылды.
«Голубые береты» ансамблі - барлық мүшелері Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі атағын алған Ресейдің Қарулы Күштерінің құрамындағы жалғыз музыкалық ұжым.
Танымал әскери ансамбльдің әндері Ауғанстанда ерлікпен көз жұмған, өмірлері қыршыннан қиылған сарбаздарға, өздерімен бірге жауынгерлік міндет атқарып, бір сапта иықтас болған жолдастарына арналған. Олардың әндері соғыстағы офицерлер мен солдаттардың жауынгерлік қызметтері, жас майдангерлердің тағдыры, Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббат жайында. Ал ол әндерді соғыс отының ортасынан шыққан, шайқастарда және ұрыстарда ел намысын қорғаған, медальдармен және ордендермен марапатталған жауынгерлердің айтуы - жүректі ерекше тебіреніске бөлейді. Ансамбльдің ең алғашқы концерті 1985 жылы 19 қарашада Ауғанстанда 350-гвардиялық парашюттік-десанттық полктың клубында өткен болатын. Соғыс ортасында пайда болған ұжым 350-гвардиялық парашюттік-десанттық полктың көркемөнерпаздық вокалды-аспаптық тобынан, барлық сарбаздар мен әскери қызметшілердің сүйікті ансамбліне айналғанға дейінгі даңқты шығармашылық жолды жүріп өтті. Олардың әндері отансүйгіштікке толы және қазіргі заманда жас ұрпақтың бойында Отан Анаға деген сезімді ұялатуға, Қарулы Күштерді сыйлауға, адамгершілік қасиеттерді дамытуға бағытталған. Ансамбль қазірдің өзінде атыс-шабыс тыйылмаған соғыс аудандарына гастрольмен барып тұрады. Себебі олар ондағы әскери қызметтерін атқарып жүрген жас сарбаздарға концерт қоюды, олардың рухын көтеріп қайтуды өздеріне міндет санайды.