Елордада Отбасы күніне орай қандай шаралар өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 13 қыркүйекте Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін бұл күні театрлар мен мұражайлар бірқатар іс-шараларын ұсынады, ал кітапханалар мереке қарсаңында конкурстар, челлендждер мен семинарлар өткізеді.

Елордада Отбасы күніне орай қандай шаралар өтеді

Іс-шаралар онлайн-форматпен қатар, санитария талаптарын қатаң сақтай отырып, офлайн да өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат департаментіне сілтеме жасап.

13 қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында Nur Otan партиясының қалалық филиалы мен Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының қолдауымен BILIM фотокөрмесі ұйымдастырылады. Онда «Ақанаевтар әулеті» көрмесі өтіп, онда «Менің замандастарым» атты жанрлық портреттер топтамасы көрсетіледі. Оған республиканың білім, мәдениет және бейнелеу өнері саласындағы танымал қайраткерлерінің 20-дан астам сурет-портреттері қойылады.

Сондай-ақ, келушілер шараға «Кеңістіктегі қозғалыс» көркем көрмесін, «Өнер қарлығаштары» балалар көрмесін және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған көрмені тамашалай алады.

«Көрмелерге кіретін адамдар саны шектеулі. Барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып, оннан астам адам ғана қатыса алады», - деп түсіндірді мәдениет басқармасының өкілдері.

Nomad City Hall театры 13 қыркүйекте театрдың отбасылық жұптардан құралған әртістері музыкалық құттықтауларымен қала тұрғындарын құттықтайды.

Сәкен Сейфуллин мұражайы 13 қыркүйекте әлеуметтік желілерде «Отан - отбасынан басталады» атты онлайн-дәрісін өткізеді. Сарапшылар отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайту туралы әңгімелейді.

13 қыркүйекте «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені әлеуметтік желілерде «Отбасы – бақыт мекені» атты слайдтар мен көрме ұсынады.

М. Горький атындағы Мемлекеттік драма театр 13 қыркүйекте Данил Хомко мен Полина Харламовамен «Даня +Поля» тікелей эфирге шықғады және «Валентин күні» қойылымы көпшілікке көрсетіледі.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры «Волшебные слова» онлайн-спектаклін көрсетеді.

13 қыркүйектегі шаралардан басқа, қала тұрғындары апта бойы мерекеге арналған іс-шараларға қатыса алады.

11 қыркүйекте № 5 балалар кітапханасында «Отбасы - шағын мемлекет» отбасылық онлайн жарысы өтеді.

11 қыркүйек күні № 8 балалар кітапханасында «Береги, мой друг, семью – крепость главную твою» тақырыбында онлайн дәріс өтеді.

14 қыркүйекте «Отбасы - өмір айнасы» онлайн сабақтары № 4 және 12 кітапханаларда өтеді.

Бейбітшілік және Келісім сарайы 11 қыркүйекте «Отбасы күнін» өткізеді. Ниет білдірушілер «Отбасы күні мерекесінің шығу тарихы» экскурсиялық секторының танымдық сағатына барып, «Мен және менің отбасым» байқауына қатыса алады.

«Туған жер» студиясының балалар хоры «Бейбіт өмір сіздерге» әнін орындайды.

28 қыркүйекте «Наз» мемлекеттік би театры әлеуметтік желіде «Время – жизнь» хореографиялық қойылымын көрсетеді.

Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында, Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасы 11 қыркүйекте Отбасы институтын нығайтуға, оның беделін арттыруға, некенің ұлттық құндылықтарын насихаттауға, ұрпақтардың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған «Бақытты отбасы – мемлекеттің негізі» форумын өткізеді.

12 қыркүйекте сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін Нұр-Сұлтан қаласының Азаматтық бастамалар орталығында (Әуезов, 19) тегін психологиялық және құқықтық кеңес ұйымдастырылады. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтеді.

М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы «Бақыт тұмары – менің отбасым!» отбасылық demo-күнін өткізеді.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы «Шоқжұлдыз» марафонын бастайды. Вокал бойынша танымал тұлғалар ZOOM платформасының көмегімен ата-аналармен онлайн режимде сұхбаттасып, ән айтады.

Белсенді отбасылар алғыс хаттармен марапатталады.