Елордада өтетін Халықаралық Жайдарманға Баян-Өлгей мен Ноғай командасы келе жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 14 маусымда елордада әлемнің түркі тілдес жастарының арасындағы Жайдарман фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ресейден башқұрттар, ноғайлар мен балқарлар келеді. Содан кейін Моңғолиядан Баян-Өлгей құрамасы келе жатыр. Сонымен бірге, Қарақалпақстан құрамасы мен Қырғыз Республикасының ойыншылары да бақ сынаспаққа елордамызға шықты. Қазақстаннан төрт құрама қатысады. Оның ішінде Жоғарғы лигада ойнап жүрген үш команда мен біріккен ұлттар құрамасы бар. Біріккен ұлттар құрамасы әртүрлі ұлттардан құралған. Оның ішінде өзбек, түрік, кәріс пен орыс азаматтары бар. Бәрі де қазақ тілінде ойнайды», - дейді «Жайдарман» ойындарының жүргізушісі Есен Елеукен.
Түркі жастарының ойыны елордадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында өтеді.
«Әлемнің түркі тілдес жастарының арасындағы Жайдарман фестивалінің ашылуы 12 маусымда болады. Сол жерде келген құрамалардың өкілдерімен ақылдасып, ортақ лига құру туралы ұсыныс тастағалы жатырмыз», - дейді Есен Елеукен.
Оның айтуынша, түркі тілдес халықтардың жастары Жайдарман ойындарына зор қызығушылық білдіріп отыр.
«Фестивальді өткізуде қолдау көрсетіп жатқан елорда әкімдігіне алғыс білдіреміз. Халықаралық Жайдарманның өткізілгенін естіген Халықаралық Түркі академиясы да арнайы жүлде тігіп, қолдау білдіруде. Елорда мен қала қонақтарының бәрін 14 маусым күні сағат кешкі 19.00-де өтетін «Жайдарман» кешіне шақырамыз. Кіру тегін», - дейді Есен Елеукен.
Еске сала кетсек, түркі тілдес жастардың басын біріктерген халықаралық «Жайдарман» ойындары алғаш рет 2017 жылы өткізілді. Ол кезде Қазақстан командаларымен бірге, шетелдік меймандардың қазақ тілінде өнер көрсетуі көрермендердің зор ықыласына ие болған. «Жайдарман» ойынында Өскеменнен «Алтай», Қостанайдан «Ару.кз», ұйғыр ұлтының «Лағман.ком», Башқұртстанның «Уфа» құрамасы мен Өзбекстан КВН-шілері, Қырғыз Республикасының «Позитив», Алматы облысының «Жетісу», Қазақстанның намысын қорғаған «Қазақ жігіттері», Татарстанның «Қазан» құрамасы мен Оңтүстік Қазақстан құрамасы өзара сынға түскен еді. Бас жүлдені екі жыл бұрын Қырғыз Республикасының «Позитив» құрамасы жеңіп алған.