Елордада өтетін турнирде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 21-28 ақпанда өтетін челленджер турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Михаил Кукушкин бірінші айналымда америкалық Маккензи Макдональдпен кездеседі.

Америкалық спортшы ертең аяқталатын Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына дейін жеткен болатын. Ол төртінші айналымда ресейлік, осы «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шыққан ресейлік Даниил Медведевке жол берді.

Дмитрий Попко елорда додасында іріктеу сайыстарында жеңімпаз атанған теннисшілердің біреуімен ойнайды.

Негізгі турнирге шақырту алған Денис Евсеев Өзбекстанның 1-ракеткасы Денис Истоминмен шеберлік байқасады. Тимофей Скатов словакиялық Мартин Клижанмен сынға түседі. Тағы бір қазақстандық Достанбек Ташболатов Үндістанның 1-ракеткасы Праджнеш Гуннесваранмен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 3 қазақстандық елордада өтетін челленджер турниріне шақырту алғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар