Елордада өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесінде мемлекеттік қызмет вакансиялары ұсынылмаған - А.Алтыбаева
дейді Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өдеріңіз білетіндей мемлекеттік қызметке тұру үшін тестілеуден және басқа процедуралардан өту қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерді Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы бойынша қабылдайды», дейді басқарма бастығы.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда қолдарына диплом алған түлектердің бірден жұмыс табуы өте қиын. Сондықтан жәрмеңкені ұйымдастырып отырған басқарма оқу орнын бітірген жастарды елорда мекемелеріне тағлымдамаға орналастырып, өз білімдері мен күштерін, икемдерін сарапқа салып, болашақта нақты қызмет орнын табуына көмектеседі. Мұндай тағлымдамаларға жалақы төленеді.
Бұдан басқа, жұмыссыз кез-келген азамат келесі жылы өтетін бос орын жәрмеңкесін күтпей-ақ Кенесары көшесіндегі 65-ші үйде орналасқан жұмыспен қамту орталығына баруына болады. Ведомствоның мәліметтер базасында қазіргі уақытта 290-ға жуық астаналық мекемелер мен компаниялардың бос орындары бар.