Елордада өз нәрестесінің басын қауіп-қатерге тіккен жас ана 1 жылға бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Туған баласының басын қауіп-қатерге тіккен Астана қаласының 23 жастағы азаматшасы Сарыарқа аудандық соттың шешімімен 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы бүгін Астана қаласы Прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.
Қылмыстық істің материалдарында көрсетілгеніндей, аталған азаматша 2011 жылы қаңтар айында салмағы 3 келі болатын, шекесі торсықтай қыз босанған.
«Сол жылдың 8 ақпанда некесіз туған бала жөнінде әке-шешесімен сөзге келген ол, нәрестесін алып, үйінен кетіп қалады. «Өндіріс» ауданындағы жекеменшік тұрғын үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатып, оған жапсыра салынған шаруашылық жайды көреді. Жақын маңда ешкім болмағандығын пайдаланып, 23 жастағы ана 2 апталық нәрестесін соның ішіне қалдырып, ол арадан ізін суытады. Вокзалға жетіп, одан Астанадағы туыстарының үйіне барады. Тастанды баланы анықтаған жекеменшік тұрғын үйдің иелері дереу құқыққорғау органдарына хабар береді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сарыарқа аудандық сотында айыпкер өз кінәсін толық мойнына алып, жасаған әрекетіне өкінетіндігін айтты.