Елордада өз пәтерінде көз жұмған кейуананың туыстарын полицей тауып берген
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада учаскелік инспектор өз пәтерінде көз жұмған 80 жастағы әйелдің туыстарын табуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, елордалық полиция департаментінің бастығына «Пана» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Гүлнар Әміреновадан учаскелік полиция инспекторы Асылан Әшірбаевтің атына жолданған алғыс хат келген.
ПИК төрағасының айтуынша, өзі тұратын тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде 80 жастағы әже көз жұмған. Егде әйелге туған-туыстары сирек келетіндіктен, кейуананың нақты қашан қайтыс болғанын анықтау да қиынға соққан. Оның үстіне пәтерге кірудің өзі жағдайды ушықтыра түскен. Туған-туыстарының қазадан хабары болмаған.
«Осындай күрделі жағдайда полиция капитаны Асылан Әшірбаев қайтыс болған кісінің туған-туыстарын іздеп тапты. Осыдан кейін туған-туыстары келіп, марқұмды жер қойнына тапсыру рәсіміне кірісті. Полиция капитаны бізбен әрдайым байланыста. Кез келген өтінімге бірден жауап қатып отырады», - дейді полицейге алғысын жолдаған ПИК төрағасы.