Елордада өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты 5 республикалық қашықтық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтуде

АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада қазақ тілін үйренуге талаптанатын өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты 5 республикалық қашықтық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтуде.

Елордада өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты 5 республикалық қашықтық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтуде

Ұлттық тестілеу орталығы Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының жетекшісі Айдос Әбдіхалықовтың атап өтуінше, олимпиада Қазтест жүйесі бойынша өтпек. Қазақстан азаматтарының қазақ тілін білу деңгейін бағалауға арналған бағдарлама TOEFL, IELTS, DSH, TÖMER сынды халықаралық жүйелер негізінде жасалған.

«Олимпиада барысында дарынды балалардың қазақ тілін меңгерудегі 3 түрлі, яғни тыңдап түсінгенін, қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымын және оқып түсінгенін бағалаймыз. Жалпы тіл меңгеру деңгейін бағалауда жоғарыда аталған халықаралық бағдарламалардың тәжірибесіне сәйкес айту, сөйлеу және жаза білу дәрежесі де бағалануы керек. Дегенмен «Дарын» орталығының шарттары бойынша бұл олимпиадада айта білу мен жаза білу қабілеттерін бағалау жоқ», - деді Қазтест өкілі.

Оның айтуынша, білім сайысы барысында оқушыларға жоғарыда аталған 3 бағыт бойынша 150 тапсырма ұсынылады. Тест түрінде өтетін сынаққа 150 минут уақыт беріледі. Тестте кездесетін аудио мәтіндер Қазақ радиосының кәсіби дикторларын тарту арқылы жазылған. Естілу дәрежесі өте жоғары.

Олимпиаданы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Ұлттық тестілеу орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Сайыстың жабылу рәсімі ертең өтеді.