Елордада пәтер алаяқтығына қатысты күдікті 6 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM - Елордада пәтер алаяқтығына қатысты күдікті 6 жылға сотталды, деп хабарлайды Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі
Фото: Pixabay.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша Е.-ге қатысты үкім шығарды. Күдікті пәтерді сатып алу-сату саласында қызмет көрсете алмайтынына қарамастан, алдау жолымен жәбірленуші А.-ның 20 млн. теңге сомасында ақшалай қаражатын иемденіп, оны өз қалауы бойынша басқарған.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгердің айғақтарымен, әңгімелер3yің аудиожазбасымен, Е.-нің ақшаны қайтаруға міндеттенген жәбірленуші мен сотталушының арасындағы «WhatsApp» хат-хабарларымен дәлелденді.

Сотта прокурор айыпты қолдап, мүлкін тәркілемей, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындамады, ал қорғаушы тарап қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.

ҚК 190-бабs 4-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот кәмелетке толмаған баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Е.ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушінің материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.