Елордада пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

АНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды.

Елордада пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

2011 жылғы 2 ақпанда Астана қалалық ІІД ҰҚКБ қызметкерлері пәтер тонауға қатысы бар деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топты анықтады. Ұсталған 5 азаматқа Ж. есімді Астана тұрғынының пәтерін тонап, 28 млн. 908 мың теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылып отыр», - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, күдіктілерді құрықтау барысында жүргізілген тексеріс нәтижесінде қылмыскерлердің пәтер тонауға қатыстылығын дәлелдейтін бірнеше заттай дәлелдемелер табылған. Қылмыстық топтың барлық мүшелері қазіргі уақытта тергеу изоляторына қамалды. Сондай-ақ тергеу барысында бұл қылмыстық топтың елордалық тағы бір «Б» есімді азаматтың пәтерін тонап кеткені анықталған.

«Үй иесі 9 300 000 теңгеге бағаланатын бірнеше құнды мүлігін қылмыскерлердің қолды қылғанын айтады. Жедел-тергеу шараларын жүргізу кезінде күдіктілердің бірі пәтер тонауға қатысты үш қылмысқа барғанын мойындады. Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың бұған дейін жасалған өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр», - деді Н.Ораз.