Елордада пәтер тонаумен айналысып жүрген ұйымдасқан топ қылмыс үстінде құрықталды

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақпанның 8-і күні Астанадағы Абай көшесінің бойындағы үйлердің бірінен таңғы сағат 10-дар шамасында пәтер тонап жатқан жерінде 4 азамат қолға түсті.
None
None
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің аға инспекторы Эльмира Шауленова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 18 бен 24 жас аралығындағы азаматтар елордаға Павлодар облысының Екібастұз қаласынан келген. Қылмыс үстінде ұсталған өрімдей жастардан заттай айғақтар алынды. Атап айтқанда, олардан ұялы телефон мен ноутбук және алтыннан жасалған әшекейлік заттар табылды. Олардың қалталарынан ломбардқа кепілге зат қалдырғандығы туралы түбіртек те шықты. «Бұл топтың осы уақытқа дейін қалада болған 7 тонау әрекетіне қатыстылығы дәлелденді. Олардың 5-уі Алматы ауданында болса, 2-уі «Сарыарқа» ауданында орын алған. Қазіргі таңда аталмыш топтың өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда», - деді аға инспектор. Оның мәліметтеріне қарағанда, ұрылар келтірген шығынның көлемі 2 миллион теңге шамасында. «Пәтер тонау барысында олар негізінен алтыннан жасалған заттар мен ақшаны алып кетіп отырған. Сондай-ақ қылмыспен табылған қаржыларына «Мерседес» көлігін сатып алған. Полицейлер бұл ұрылардың ізіне бұрыннан-ақ түскен болатын. Сондықтан да олар қылмыс үстінде құрықталды», - дейді инспектор. Ұрылар пәтерді тонауда негізінен есіктің құлпын бұзып кіретін болғандықтан тәртіп сақшылары қала тұрғындарын үйлерінің есіктерін мүмкіндігінше заманға сай құлыптармен жабдықтауға шақырды. Қылмыстық полиция қызметінің мәліметтеріне қарағанда, елордада пәтер тонау әрекеттері айтарлықтай кеміген. Биылғы жылдың екі айында олардың саны 16 болса, өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіш 55-ті құраған.
Соңғы жаңалықтар