Елордада ПТР тесттен өту ақысы қанша

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада коронавирус инфекциясы бойынша ПТР тесттен өту ақысы қанша болады? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада ПТР тесттен өту ақысы қанша

«Жалпы тексеруден тиісті азаматтар (яғни вирус жұқтыру күдігіне ілінгендер мен коронавирусты жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандар) өтеді. Оның бәрі тегін. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында әуе рейсінің қалпына келтірілуіне байланысты ол енді міндетті түрде өтетін жағдай (...) Қалада бірнеше зертхана бар. Жауапкершілігі жеке ұжымдардың бағаларының мөлшері 11-20 мың теңге арасында», - деді Сәуле Қисықова Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парақшасында берген сұхбатында.

Басқарма басшысы ПТР тесттен кімдер тегін өте алатынын айтып өтті.

«Алдын ала тексеру жұмыстарына сәйкес тізімге енген азаматтар, яғни індетті жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болғандардың бәрі тегін өтеді. Одан бөлек алдын алу жұмыстары бойынша ПТР тесттерден медициналық қызметкерлерді өткіземіз. Блок-постта қызметте тұрғандарды, мемлекеттік-әлеуметтік ұйымдардағы азаматтарды да тестпен тексереміз. Қазір біз елордада №2 емхананы бөліп қойдық. Яғни ЖРВИ инфекциясын жұқтырған азаматтар да сол жерге тегін түрде өтеді. Бүгінгі күні №6 және №9 емханада провизорлық бөлімшелерді ашып қойдық. Бұл клиникаға жатқызылар алдында науқастар сол жерде міндетті түрде тесттен өтеді. Сонымен қатар жүкті әйелдерде 37-ші аптада ПТР тесттерден өткіземіз», - деді ол.