Елордада ресейлiк цирк әртiстерi өнер көрсетедi
Астана. Сәуiрдiң 10-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Сәуiрдiң 18-i мен мамырдың 11-i аралығында Астанада Ресей циркi «Жануарлар карнавалы» атты қойылым көрсетедi,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елордамызға келетiн әртiстердiң арасында әуе акробаттары, роликте жұптасып өнер көрсететiндер мен мәздемдер бар. Әулетiмен өнерпаз, әкесiнен үйренген өнердi үзбей келе жатқан, халықаралық байқаулардың жүлдегерi Игорь Бараненко мен оның ұлы мен қызы Игорь және Елена әуеде гимнастикалық ойын көрсетедi. Алексей Бараненко әуеде шыркөбелек айналып тұратын механикалық құрылыммен өнер көрсеткен алғашқы әрi ХХ ғасырдың басындағы санаулы әртiстердiң бiрi едi. Ол 1937 жылы өзi құрастырған арнаулы аппаратпен «Аэропландағы гимнастика» деген бағдарламаны орындады. Ендi сол өнердi астаналықтар назарына оның кiндiгiнен өрген iзбасаралары ұсынбақ. Сондай-ақ осы қойылымда тайқарлар мен маймылдар және қолға үйретiлген салмағы бiр тонна, мүйiзi шаңырақтай австралиялық асыл тұқымды буйволдар мен үйдей аюлардың, кавказ овчаркасының ойынын тамашалуға болады. Серго Самхарадзенiң «Мұз бен жалын» бағдарламасында қопал аюлар атандай буйволдардың үстiнен секiредi. Ресейлiктер қазақ көрерменiнің назарына Сиыр жылының құрметiне испандықтардың ұлттық ойыны «корриданы» ұсынбақ. Әртiстер бұл күндерi Алматыда өнер көрсетiп жүр.