Елордада республиканың ірі компанияларында адами ресурстарға жауапты жетекшілердің семинар-кеңесі өтеді

денің 22-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Қазіргі таңда ірі әлемдік компаниялар жетекші топ-менеджерлерді іріктеуге үлкен мән береді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері және нарыққа ірі шетел инвесторларының келуімен орай осы үдерістерден шет қалмады. Осыған байланысты бүгін елордада өз компанияларында адами ресурстарға жауапты жетекшілердің семинар-кеңесі өтеді.ҚазАқпарат тілшісіне басқосуда талқыланатын мәселелер жайында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның Персоналды дамытудың бірыңғай орталығының директоры Гүлмира Раисова айтып берді.

Елордада республиканың ірі компанияларында адами ресурстарға жауапты жетекшілердің семинар-кеңесі өтеді

 - Гүлмира Болатқызы, ең алдымен Персоналды дамытудың бірыңғай орталығы департаменті туралы айтып берсеңіз.

  - Персоналды дамытудың бірыңғай орталығы осыдан  5 жыл бұрын құрылды. Құрылтайшысы - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен оның еншілес кәсіпорындары болып табылады. Олардың қатарында  «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру», «ҚазМұнайГаз» Сауда үйі, «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГаз» және «ҚазМұнайТеңіз» бар. Құрамында 28 адам қызмет ететін Орталықтың мақсаты - ұжым қызметкерлерін оқыту және оны дамыту үдерісін үйлестіру. Міндеті - оқудан өткен адамдардың өз жұмысында жалпы ой-пікір қалыптастырып, өз идеяларын бірігіп жүзеге асыруында.

 - Орталық  жұмысының бағыттары қандай?

 - Орталық  жұмысының бірнеше бағыттары бар. Солардың бірі - жоғарыда айтқандай, ұжым қызметкерлерін оқыту және дамыту. Бұған тренингтер, шеберлік сыныптары, конференциялар және тағы басқа шараларды ұйымдастыру кіреді. Екіншісі, HR жобалары, адами (HR) ресурстарды басқару саласындағы консалтинг. Мәселен, ұжымды бағалау жөнінде жобаларды жүзеге асыра отырып, біз компанияларымызға келешекте басшы бола алатын мамандардың әлеуетін бағалауға көмектесеміз. Осылайша, кадрлық резерв пайда болады. Мұндай жобалар «ҚазМұнайГаз»,  «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өңдіру», «ҚазТрансОйл» компанияларында жүзеге асырылып үлгерді. Бағалаудың технологиясы Орталықтың мамандары және әлемдік деңгейдегі сырттан тартылған кеңесшілер арнайы іскер ойындар, кейстер, пікірталастар мен әртүрлі тестілеу тәсілдері арқылы бағалау өткізіп, адамның әлеуетін анықтауда. Оның үстіне арнайы мамандар осы адамдар белгілі бір қызметте келешекте қаншалықты жемісті жұмыс істейтініне болжам жасайды. Одан кейін кеңесшілер әрбір қызметкерге арнайы есеп дайындап, оның осал және мықты тұстарын (даму саласында) анықтап көрсетеді.

 - Гүлмира Болатқызы, Персоналды дамытудың бірыңғай орталығына (ПДБО) үлкен өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Орталық «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» деп өзгертілмек. Осы туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз.

  - Көктемде өткен біздің құрылтайшыларымыздың жиналысында ПДБО-на қатысушы құрылтайшылардың құрамын кеңейту шешімі қабылданды. Аталмыш құрамға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры кірді. Қазір қайта құрылған мекемені заңды тіркеу рәсімі аяқталған жоқ. Дегенмен, Ұжымды дамытудың бірыңғай орталығын «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетіне» өзгерту шешімі бар.

  - Осы қайта құрылу аясында қандай өзгерістер болады?

  - Негізгі бағыт - ұжыммен жұмыс істеу сол қалпында қалады. Егер бұрын Орталық тек «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның компанияларына назар аударған болса, ол енді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ үшін қызмет көрсетеді. «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің» мақсаты - әлемдік деңгейдегі топ-менеджерлер мен басшыларды дайындау, сондай-ақ компаниялардың бағасын арттыратын сапалы HR шешімдерін ұсыну. «Самұрық-Қазына» қоры өзінің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес, ең алдымен басшылық ету қызметтеріне адамдарды дайындау және үйлестіру саласында тиімді кадрлық саясатын жүргізуі тиіс. «Корпоративтік университеттің» міндеті - компания ішінде осындай кадрларды көбейту, адамдарды іріктеу, бағалау және оларды әрі қарай дамыту болып табылады.

 - Шілденің 22-сінде, бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес ұйымдарының HR ресурстарын басқару мәселелерімен айналысатын жетекшілердің семинар-кеңесі өтеді. Бұл отырыста қандай мәселелер қаралады?

 - Бүгін біз өз компанияларында HR (адами) ресурстарына жауапты жетекшілерді жинап отырмыз. Бұл - басқарма директорлары, аппарат басшылары, компаниялардың вице-президенттері, сондай-ақ ұжым жөнінде бөлімдердің жетекшілері. Барлығы семинар-кеңеске 56 адам қатысады. Бүгінгі отырыста «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің» тұжырымдамасы талқыланып, тұсаукесер рәсімі өтеді. Басқосудың негізгі күн тәртібіне дағдарыс уақытында қалайша ең күшті мамандарды ұстап қалып, қызметкерлердің білім алу және даму қарқынын сақтап қалуға болады деген мәселе шығарылып отыр.

 - Гүлмира Болатқызы, «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің» жоспарлары қандай?

 - Қыркүйек айында «Корпоративтік университеттің» аясында іске қосылуы жоспарланып отырған жобалардың бірі - орта және жоғары буындағы менеджерлерге арналған модульдік білім беру. Бағдарлама 18 айға созылады. Әрбір компанияда байқау негізінде өз компанияларында қалып, әрі қарай қызметтік жолда өсуге ниетті менеджерлер таңдалады. Олар 1,5 жыл бойы әрбір 2 айда әртүрлі пәндер оқиды. Бұған қоса жобаға қатысушылар өз құрылымдық бөлімдерінің, жалпы кәсіпорындарының  проблемаларына қатысты зерттеу өткізеді. Оқуының соңында олар жоба немесе өздері жүргізген зерттеулерін қорғап шығып, тәжірибелік нәтиже алулары тиіс. Сонымен қатар, бізде бөлек бағыт - ішкі жаттықтырушылар мен ұстаздар болады. «Корпоративтік университеттің» мақсаттарының бірі - осындай адамдарды оқыту және дамыту үдерісіне тарту болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс басталып та үлгерді. Біз «Корпоративтік университетін» тілдесу, жүздесу, әңгімелесу орнына айналдырғымыз келеді. Онда тәжірибесімен, ақпараттарымен және білімдерімен бөліскісі келетін адамдар жиналады. Олар өзіне ғана емес, өз компанияларына да үлкен пайда тигізеді. Осылайша тәжірибе алмасу атмосферасы құрылады.

 - Әңгімеңізге рахмет.