Елордада Сәдір Кәрібайдың дербес көрмесі ашылды
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші С.Кәрібайдың «Қылқаламдағы сырлы сезім» атты дербес көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Көрмеге суретшінің 38 туындысы қойылды. Суретші абстракционизм, импрессионизм, постимпрессионизм, символизм әдістерін пайдалана отырып, белсенді түрде сынақ жүргізеді. Оның барлық жұмыстары туған жердің ұлттық бояуы мен мәңгілік әрі өзгеріп отыратын айналадағы әлемнің рухани мәнін танып, жеткізе білуге деген ұмтылысты көрсетеді.С.Кәрібайдың бірқатар жұмыстары «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық жобасы аясында Атырау облысы мұражайлары қорынан ұйымдастырылған көрмеге қойылған болатын, бұл дербес көрме қазақ мәдениетінің бірегейлігі, қайталанбастығы тақырыбын одан әрі жалғастыра, толықтыра түспек. ҚазАқпарат анықтамасы: Сәдір Көпжанұлы Кәрібай 1956 жылы Арал қаласында туған. 1983 жылы Шымкент қаласының Ә. Қастеев атындағы көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін Атырау қаласының Суретшілер одағында жұмыс істей бастады. 1992 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Бүгінде суретшінің жұмыстары облыстық, республикалық галереяларға қойылған, еліміздегі және шетелдердегі жеке коллекцияларда тұр.