Елордада «Сәкен Нарыновтың сәулет сыйқыры» атты көрме ашылды
СТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Көрме» кешенінде сәулетші С.Нарыновтың «Сәкен Нарыновтың сәулет сыйқыры» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
«Сәкен Нарыновтың есімі сәулеткерлердің арасында танымал. Өйткені, жас кезінен түрлі жобаларға қатысып, өзінің шығармаларының ерекшелігімен көзге түсті. Оның кейбір шығармаларын бірден түсіну де қиын. Алайда дұрыстап, байыппен қарап, түсінік алып, басқа көзбен қарағанда ғана туындыларының ішкі дүниесі ашыла, таныла бастайды. Еңбектерінің философиялық, көркемдік маңызын, оның ой-пікірін танып, білуге болады. Сәулетшінің ерекшелігі өмірде бізді қоршап жатқан неше түрлі көкейге танымал заттарды, ғимараттарды, үйлерді сан қилы шаршы, шар, тор сынды формалармен ерекше композиция, ғимарат не болмаса мүсін ретінде шығарады. Сәулетшінің қай туындысын алып қарасаң да қайталанбайтын, терең ой салатын өте қызықтыратын, көз тартатын жұмыстар», дейді ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков.
Көрмеден С.Нарыновтың сәулет нысандарымен қатар Астананың орталық бөлігінің, оның инфрақұрылымдық даму перспективасының, қала аудандарындағы жолдардың, алаңдар мен субұрқақтары жобасының, жұбайлардың символикалық аймағы орналасқан саябақты орналастырудың шешімді түрлері мен жолдарын көруге болады. Сондай-ақ сәулетшінің елімізде және шетелдерде өткен түрлі байқауларға ұсынған Мысырдың Ғизасындағы мұражайының, Норвегиядағы цунами құрбандары ескерткішінің, Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы мен Халықтар достығы ескерткішінің жобаларының сызбасы мен макетін де тамашалауға мүмкіндік бар.
С.Нарынов отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген 34 ғылыми мақаланың, 5 өнертабыстың, 100-ден астам сәулет жобаларының авторы.