Елордада «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетеді
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Бүгін елордадағы Конгресс-холл сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ансамбльдің іргетасы өткен ғасырдың ортасында құрылған болатын. Оның іргелі өнер ордасына айналуына алғашы-режиссері, хореограф Украинаның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі Лидия Чернышева зор еңбек сіңірді. Ансамбль Бүкілодақтық жастар мен студенттер фесивалінде алтын медальды, Әлем жастарының Мәскеуде өткен фестивалінде күміс медальды иеленді. Ансамбльге еңбек сіңірген ұжым мәртебесі атағы берілді. «Салтанат» ансамблі халықтық би фольклоры мен классикалық би мектебінің дәстүрлерін жалғастыра отырып, шынайы сахналық поэзияны, Қазақстан халықтары билерінің әсемдігі мен сұлулығын жарқыратып аша отырып, оның ұлттық бояулары айшықтана түсуіне зор үлес қосып келе жатқан өнер ұжымы.
Бүгінде ансамбльге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Гүлсәуле Орымбаева жетекшілік етеді.
Елордадағы концертке сондай-ақ пародияшы Нұрлан Тұтов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі әнші Толқын Зәбирова қатысады.