Елордада сауда орнының құны қанша

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасының орындалуы мен жүзеге асыру барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада сауда орнының құны қанша

«Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасы Астана қалалық әкімдігі, ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен бекітілді. Жобаға өз кәсібін дамытқысы келетін кез келген адам қатыса алады. Ол үшін ең алдымен жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс. Онымен қоса, банктен есеп-шот ашуы қажет. Одан кейін жеке куәлігі мен Салық комитетінен қарызының бар-жоғы туралы анықтама сұралады. Осы және өзге де тиісті құжатты тапсырған соң кәсіпкер өзіне ыңғайлы жерді алуына мүмкіндігі бар. Егер ол жерді басқа да үміткерлер алғысы келсе, кәсіпкерлер арасында конкурс өткізіледі. 

«Конкурсқа қатысушының қарызы болса, онда қатысу мүмкіндігі шектеледі. Сонымен қатар, комиссия үміткерлердің құжаттарына, ондағы ұсынылған қызмет түрінің бастағалы отырған жұмысына сәйкес келуін қарайды. Ал егер бір орынға үмітті кәсіпкер 4 немесе одан да көп болса, онда ол жер аукционға шығарылады» -деді «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар, аукционның өзіндік өткізу ережесі бар екені айтылды. 

«Егер бір жерге 20-30 кәсіпкер таласып отырса, комиссияның шешім қабылдауы қиын. Сондықтан, аукцион өткізіледі. Ал аукцион арқылы үлестірілетін орындар кәсіпкерлердің сол жерден қанша табыс табуды жоспарлап отырғанына байланысты болады», - деді Н.Жақыпов.

Айта кетейік, «Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасы 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінде қала бойынша 630 орын жалға берілді. Оның ішінде 228-і - көкөніс пен жеміс-жидек, 208 - фаст-фуд, 75 - азық-түлік, 50 - гүл, 11 - газет-журнал, 2 - кәдесый сататын сауда нүктелері бар.