Елордада сауда ойын-сауық орталығына қарақшылық шабуыл жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полиция қызметкерлері сауда, ойын-сауық орталығына жасалған қарақшылық шабуылды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо порталына сілтеме жасап.

Елордада сауда ойын-сауық орталығына қарақшылық шабуыл жасалды

«Полицияға сауда, ойын-сауық орталығының сыртқы территориясының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жекеменшік күзет фирмасының қызметкері хабарласты. Сағат шамамен 01:30 кезінде белгісіз біреулер оны күштеп скотчпен байлап, сауда орталығына кірмекші болғанын айтты. Сондай-ақ, қаскүнемдер оның радиостанциясын ұрлап кеткен», - делінген Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Елордалық ІІД-нің криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде «Сергек» бақылау камерасының көмегімен аталған қарақшылық шабуылды ұйымдастырған азаматтарды ұстап, уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізді.

Олар Жамбыл облысының 21-23 жастағы үш азаматы болып шықты. Тергеу барысында сауда орталығының бутиктерін тонамақ болғандарын мойындады. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-інің 192-бабы («қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың елорда аумағында басқа да қылмыстық істерге қатысы бар-жоғын анықтауға кірісті.