Елордада «Шаттық-2016» 10-шы ашық шығармашылық қалалық байқауы өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 15-29 ақпан аралығында Астана қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының концерт залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында «Шаттық-2016» 10-шы ашық шығармашылық қалалық байқауы өтеді.

 Елордада «Шаттық-2016» 10-шы ашық шығармашылық қалалық байқауы өткізіледі

Оған Астана қаласының мектеп, лицей, гимназия, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқушылары қатысады.

«Шаттық» байқауы мемлекетіміздің мәдени әлеуеті мен кең ағартушылық келешегінің көмегімен жан-жақты шығармашылық тұлғаны қалыптастыру және дамыту мақсатында өткізіледі. Шара «Байтерек» хореографиялық ансамблінің орындауындағы қазақ билерінің сюитасы негізіндегі би қойылымымен ашылады.

«Өз шығармашылығын таныту мақсатында байқауға қатысушылар саны жыл санап көбеюде. Биылғы жылы Астана қаласының 100 білім беру мекемесінен жеңіске ұмтылған 5000-нан аса қатысушы жас дарындыларымыз әділқазылар мен көрермендер алдында өз бағын сынап көрмекші. «Шаттық» қалалық байқауына қатысу және жеңімпаз атану - елордалық жастар арасындағы үлкен танымалдылық пен зор абыройға қол жеткізуге мүмкіндік береді, 10 жыл ішінде байқау көптеген жас өнерпаздарға танымалдылыққа жол ашып, білім саласының шығармашылық өмірінің өзіндік қолтаңбасына айналды. Бұл байқау қатысушылар дарынын ашып, орындаушылық шеберлігін дамытады. Байқау тәжірибесі көрсеткендей, қатысушылардың көбі болашақ өмірлерін шығармашылықпен байланыстыруға шешім қабылдайды», - делінген қалалық білім басқармасының хабарламасында.

Елорданың дарынды жастары 2 жас ерекшелігі: 10-15 жас және 16-20 жас аралығында, сонымен қатар 8 жанр негізінде 15 номинация: жеке аспапта орындаушы/ ансамбльдік аспапта орындау; классика, халық аспаптары/ хор әні, эстрадалық ән, вокалдық ансамбль, халық әні, халық биі, қазіргі заман биі, поэзия, театр өнері, фотосурет, бейнелеу өнері, ерекше жанр және киім үлгісі бойынша сайысқа түсетін болады. Байқаудың мерейтойлық жылына байланысты алғаш рет бағдарламаға «Ерекше жанр» және «Киім дизайны» қосылды.

Бес күн бойы қаланың әр түрлі алаңдарында: (М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы, Астана қ. әкімдігінің оқушылар сарайы, №1 өнер мектебі, №2 өнер мектебі, №4 МГ, №56 МЛ, №60 МЛ, Политехникалық колледж) шығармашылық сайыстар ұйымдастырылады.

Балалар мен жасөспірімдер арасында «Шаттық-2016» 10-шы ашық шығармашылық қалалық байқауының Гала-концерті және мерейтойлы алтын мүсіншелермен марапаттау рәсімі 29 ақпанда Конгресс-холда өтеді.