Елордада ШЫҰ мемлекеттері мәдениет министрлерінің кеңесі өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мәдениет министрлерінің 14-ші кеңесі өтуде. Отырыс барысында Қазақстан, Иран, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Үндістанның өкілдері ұйым аясындағы мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынды ашқан ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекетаралық сұхбаттастықтың маңыздылығы мен тиімділігін, әсіресе мәдениет саласын дамытуға аса мән беру қажеттілігін және Халықаралық ұйым құрылған күнінен бастап Қазақстан ШЫҰ мәдени векторының ілгері дамуына белсенді қолдау көрсетіп келе жатқанын атап айтты.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемде ең серпінді дамып келе жатқан аймақтық ұйымдардың бірі. Ұйым өз қызметін бастаған 16 жыл ішінде қатысушы мемлекеттердің экономикаларын нығайту мен аймақ қауіпсіздігін сақтауда зор үлес қосып келеді», - деді министр.
Сонымен қатар ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында берік мәдени біртектіліксіз кез келген мемлекет экономикалық және саяси жетістікке жете алмайды деп нақты көрсеткенін еске салды.
«Мәдениет саласы мемлекеттеріміздің арасындағы әріптестіктің нық байланыстырушы күші мен өзара әрекеттесудің негізіне айналуы тиіс. Табысты мемлекеттің мәдени саясаты жасампаз құндылық бағдарларын құру арқылы қоғамның тұрақты дамуына бағытталуы тиіс және қоғам мен мемлекеттің тіршілік әрекетінің барлық маңызды аспектілерін өлшеуші құрал болып саналады», - деді А.Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, кеңес қорытындысы бойынша ШЫҰ мемлекеттері мәдениет министрлерінің хаттамасы қабылданбақ. Аталған құжатта қатысушылар халықаралық ұйым аясында тараптық және екіжақты мәдени байланыстарды одан ары жалғастыруды, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуды, түрлі халықтар мен діндердің үйлесімде өмір сүруін, мәдениеттердің алуантүрлігін сақтауды қамтамасыз етуге ниеттес екендіктерін білдіреді.