Елордада «Sisterhood Power» тегін бизнес-тәлімгерлік бағдарламасы іске қосылды

Астанада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлерге арналған «Sisterhood Power» бизнес-тәлімгерліктің арнайы бағдарламасын іске қосу бойынша баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Астаналық әйелдер
Фото: Камила Алшинова

Жобаның басты мақсаты – бизнесті дамыту және кеңейтуге арналған білім және құралдарды беру, әйелдерге көшбасшылық дағдыларды дамытуға көмектесу және аймақтық әйелдер бизнес қауымдастықтарын қолдау. Оқу бағдарламасы онлайн режимде өтеді және іріктеуден өткен қатысушылар үшін тегін болады. Бағдарлама бойынша бизнестегі әйелдерді оқыту және оларға тәлімгер болу жоспарланып отыр. Әйелдер өз кезегінде өз өңірлерінде бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлермен тәжірибе алмасады. Бағдарлама АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылады. 

АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қоғамдық дипломатия бөлімінің басшысы Дебра Ло көп жылдар бойы АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы Қазақстанның әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бірқатар бастамасына қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. 

«Біз осы бағдарламаға қатысушыларға тәжірибелерін шыңдап, өз кәсіпорындарын дамытуға көмектеседі деп сенеміз. Себебі олар, яғни әйелдер елдің болашақ экономикалық өсуінің қозғаушы күші екенін айтқан жөн», - деді Дебра Ло. 

Кәсіпкер әйелдер
Фото: Камила Алшинова

«Sisterhood Power» бизнес-тәлімгерлік бағдарламасының бас ұйымдастырушысы, әлеуметтік кәсіпкер, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының басқарма мүшесі Ләззат Алшынова бұл бағдарлама Қазақстанның барлық өңіріндегі кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырғанын айты. 

«Жалпы алғанда, біз 200-ге жуық өтінім тіркедік. Олардың ішінде өндірістен бастап қызмет көрсету саласына дейін бизнестің түрлі салаларын қамтитын 49 қатысушының өтінімі іріктелді.

Біздің бағдарламада оқыту процесі барынша тиімді және қолжетімді. Мәселен, кәсіпкерлер басқару, маркетинг және табысты бизнес-модельдерді құру стратегияларымен танысатын болады. Sisterhood Power – бұл жай ғана бағдарлама емес, бұл идеялар шындыққа айналатын мүмкіндіктер кеңістігі. Біз ұйымдастырушылар мен тәлімгерлер ретінде әйелдерді біріктіруге және олардың бизнес мақсаттарына жетуге көмектесуге тырысамыз», - деді ол. 

«Sisterhood Power» бизнес-тәлімгерлік бағдарламасының тәлімгері, кәсіпкер, Қазақстан әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Баян Тойкебаева бұл бағдарлама бойынша өз аймағынан екі кәсіпкер ғана тілімгер бола алатынын жеткізді. 

«Бағдарлама 2 ай бойы тәлімгерлік қолдау және «теңбе-тең» бағдарламасына қатысу бөлімдерінен тұрады, онда әрбір қатысушы өз аймағынан 2 кәсіпкерге тәлімгер болады. Біз бір-бірімізді қолдап, кәсіпкерлер бетпе-бет келетін кедергілерді жойып, бірге дамитын боламыз», - деп атап өтті Б. Тойкебаева.