Елордада Славян жазбалары мен мәдениеті күні өткізілді (ФОТО)

Шара аясында Ресей ғылым мен мәдениет орталығында «Славян және түркі мәдени-тілдік байланыстары: дәстүрлері мен құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты - Қазақстан этномәдени кеңістігіндегі славян тілдерінің алуан қырлы қызметі мен оларды сақтап қалу мәселелері жөнінде пікір алмасу, орыс және өзге де славян тілдерін оқыту бағытындағы жинақталған тәжірибелермен алмасу, ғасырлар тоғысындағы славян және түркі халықтарының өзара тығыз қарым-қатынастарының жолдары мен құндылықтарын талқылау.
Конференцияда қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдардың славянтану, түркітану, тілдік қатынас, аударма саласындағы баяндамалары тыңдалды.
Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, Қазақстан Республикасындағы славян және түркі мемлекеттері елшіліктерінен келген арнайы қонақтар, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер, этноағартушылық мектептер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында славян этномәдени бірлестіктері ұйымдарының шығармашылық ұжымдары мен өнер шеберлерінің қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, дін өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары және Астана қаласының ғылыми-педогогикалық және шығармашылық қауымы, сонымен қатар Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшілігінің кеңесшісі А.А.Мусиенко, Астанадағы Ресей ғылым мен мәдениет орталығының басшысы В.Н. Нефёдов қатысты.