Елордада соққыға жығылған төрт жасар бала мен оның анасы қонақ үйге орналастырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда соққыға жығылған төрт жастағы бала мен оның анасы елордадағы қонақ үйге орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада соққыға жығылған төрт жасар бала мен оның анасы қонақ үйге орналастырылды

«Қамқоршылық және қорғаншылық органы ювеналдық полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, 4 жасар қызды ер адамның аяусыз ұрып-соғу фактісі бойынша істің мән-жайын тексерді. Нәтижесінде балаға психологиялық көмек ұсынылды. Іс материалдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауында. Анасының танысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде ол уақытша оқшаулағышқа қамалған», - деп хабарлады қалалық білім басқармасының баспасөз қызметінен.

Қамқоршылық және қорғаншылық органы «Право» қоғамдық қорымен бірлесіп, отбасына көмек көрсетіп жатыр. Қазір бала анасымен «Право» қоғамдық қоры жанындағы балалар қонақ үйіне орналастырылған. Балаға психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде.

Айта кетсек бұған дейін «Еуразия бірінші арнасы» елордадағы ер адамның төрт жастағы қыз баланы аяусыз ұрып-соққанын хабарлаған болатын. Телеарна ұсынған мәліметке сәйкес 46 жастағы ер адам елордалық әйелмен кездесіп, үй болуды ойлап жүргенін айтқан. Тіпті баласымен танысуға асық болған.