Елордада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Ел астанасында ынтымағы жарасқан халық ырысты жәрмеңкеге асығуда. Бұл жолы жомарт күздің жемісін Солтүстік Қазақстан облысының 100 ең үздік кәсіпкері ұсынды.

Елордада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Сапасы мен бағасы үйлескен ауыл шаруашылық жәрмеңкесін облыс әкімі Самат Ескендіров, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов аралап көріп, диқандар өніміне өзіндік баға берді, деп хабарлады аstana.kz сайты.

«Былтыр облыста өнім жақсы болған. Биылғы жиын одан да жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Сондықтан әкелген өніміміз де көбірек болды. Жалпы алғанда 1,5 мың тонна тауар әкелдік. Оның ішінде картоп 150 тонна, ет 70 тоннадан астам. Көкөніс те жеткілікті», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров.

Жәрмеңкеге Петропавл қаласы мен облысқа қарасты 13 аудан түгелдей қатысты. Бұл өңірлерден келген кәсіпкерлер елордаға 1000 тоннадан астам өнім әкелген. Орталық алаңда құрылған 86 сауда шатырынан картоп, балық, ет өнімдері, ұн өнімдері мен басқа да қажетті азық түрін табасыз.

Жиын-терін болатын, қамбаға астық толатын шақта елорда тұрғындары да ауыл шаруашылық өнімдерін тиімді бағамен қап-қап қып әкетіп жатты. Сондай-ақ, жәрмеңкеге келушілер облыстың шығармашылық ұйымдары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.