Елордада сотталғандар жылыжайда қияр өсіріп, аптасына 100 келі өнім алып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы қауіпсіздігі төмен режимдегі қоныс колониясында жазасын өтеушілер мекеме ішінде жылыжай ашып, қияр өсіріп жатыр. Өнімді күтіп, баптауға сотталғандар жауапты. Олар жұмысқа ресми түрде орналасқан және еңбекақы алады.

Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі колония аумағындағы жылыжайдың жұмысымен танысып қайтты.

«Мен жазамды ЕЦ-166/10 мекемесінде өтеп жатырмын. Бізді еңбекпен қамту аясында аталған мекеме бірнеше жұмыс түрін ұсынды. Оның қатарында құрылыс, тігін цехы, аспаздық тағы сол сияқты жұмыс болды. Мен өзіме жақын бау-бақша саласын таңдадым, негізгі мамандығым инженер. Жылыжайдағы жұмысым үшін 67 мың теңге жалақы аламын. Шаруаны өткен жылы қыркүйекте қолға алдық. Жылыжайға қажетті дүниенің бәрін дайындап берді, одан әрі әріптесім екеуміз іске кірістік. Әзірге жылыжайда тек қияр өсіріп жатырмыз, себебі қияр төзімді, әрі күтім жасау қиын емес. Алдағы уақытта басқа да көкөніс түрлерін өсіру жоспарда бар. Таңертең жұмыс жылыжайдағы температура мен ылғалдылықты өлшеуден басталады. Қажет жағдайда арттырамыз немесе керісінше азайтамыз», - деді Владимир Коваленко.

Бағбанның айтуынша, әзірге жылыжайды күтіп-баптау жұмысы қол еңбегін талап етеді. Алдағы уақытта жұмысты автоматтандыру жағы қаралып жатыр.

Жылыжайдың көлеміне келсек, ұзындығы 40 метр, ал ені 8 метрді құрайды.

«Көкөністі аптасына 2-3 рет суарып тұрамыз және оның қалай өсіп жатқаны мен жалпы жағдайы туралы күнделікті журналға жазып отырамыз. Өнім көлеміне келсек, бізде 2 жылыжай бар. Әр жылыжайдан аптасына 100 келі қияр жинап отырмыз. Өнімді алдымен өзіміз пайдаланамыз, одан қалғанын тұздап сақтаймыз. Қазір жылыжайдың жұмысын жетілдіре түсудің жаңа жүйесін ойластырып жатырмыз. Жоспарымыз сәтті іске асса, өнім көлемі арта түседі деген сенімдеміз. Біз аптаның 5 күні 7 сағаттан жұмыс істейміз, ал сенбі 4 сағат. Жексенбі демаламыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, аталған мекеменің сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру бөлімінің басшысы, әділет майоры Айгүл Дауытованы әңгімеге тарттық.

«Жылыжайдың жұмысы өткен жылы күзде басталды. Шаруа «Еңбек-Аршалы» республикалық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Жылыжайдың жалпы аумағы 640 шаршы метрді құрайды. Онда қазір 2 жазасын өтеуші еңбек етіп жатыр. Жалпы бізге келгенде ол азаматтан мамандығы кім, тәжірибесі бар ма, қандай жұмыс істей алатындығы туралы сұраймыз. Содан соң адамның икемі мен ниетіне қарай жұмысқа орналастырамыз. Осы орайда жазасын өтеп жатқан 2 азамат жылыжайда жұмыс істегісі келетіндігін айтты. Аталған идеяны біз қолдап, өткен жылдың қыркүйегінен бастап, жылыжай жұмыс істеп тұр», - дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, колония жұмысын оңтайландыруда аталған бастаманың пайдасы зор. Бір жағынан сотталғандар еңбекпен қамтылса, екінші жағынан өздерін көкөніспен қамтып отыр.




Соңғы жаңалықтар