Елордада спидкубингтен Азия чемпионаты өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алғаш рет спидкубингтен Азия чемпионаты өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған спорт түрінен Азия чемпионаты 2 жылда бір өтеді. Жарысты өткізетін ел байқау арқылы анықталады.

Биыл спидкубингтен Азия чемпионатын өткізу құрметі Орталық Азия елдері арасында алғаш Қазақстанға бұйырып тұр. Сондай-ақ, аталған спорттық бәсеке ТМД елдері арасында да тұңғыш өткелі тұр.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат аясында рубик текшесін (кубик рубик) құрастырушы шеберлер әлемге танымал жерлестеріміз әнші Димаш Құдайберген мен боксшы Геннадий Головкиннің кескінін құрастырып шығады.

«Нұр-Сұлтан қаласында өтетін спидкубинг чемпоинаты 4 күнге созылады. Жарыста Азияның үздіктерін анықтайтын боламыз. Жеңімпаздар жарыс соңында белгілі болады. Үміткерлер 17 тәртіп бойынша сайысқа түседі. Сынақ классикалық түрден бастау алып, кезең сайын қиындай түседі», - деді Қазақстан спидкубинг федерациясының президенті Арман Мәшімов чемпионатты өткізуге орай өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, қауымдастық басшысы елімізде спидкубингті интеллектуалды спорттық бағыт ретінде дамыту керектігін айтып отыр.

Аталған спорттық бәсеке елордада ертең басталады. Чемпионатқа 13 елден 18-20 жас аралығындағы 116 спортшы қатыспақ.

Айта кетсек, спидкубингтен Азия чемпионатының кубогі «Бәйтерек» тәріздес болады. Сонымен қатар жеңімпаздарға дүниежүзілік спидкубинг қауымдастығының (World Cube Association) медалі табысталмақ. Сайыстың жалпы жүлде қоры 9 мың АҚШ долларын құрайды.


Соңғы жаңалықтар