Елордада студенттердің алғашқы «Жаңа белес-2013» студенттік арнауы өтті

"Биыл елордамызға рекордтық көрсеткіштегі студенттер келіп түсті. 21500 адам. Осы студенттердің арасында ең үздігін, белсенділерін жинап, осындай іс-шара өткізіп отырмыз. Мұндай шаралар биылдан бастап жүйелі түрде өткізілетін болады. Негізгі мақсаты елордаға келген жастарымыздың арасында достық қарым-қатынас, бойындағы мәдениеті мен патриоттық сезімін күшейту болып табылады", - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.
Сөзден іске көшетін заманда өмір сүріп жатқан студенттердің ерлікке деген құштарлығы жоғары, болашаққа деген сенімі мол, арман-мақсатқа жетуге талпынысы зор. Студенттер арнауында осындай белсенді 15 студентке «Жаңа белес-2013» студенттік билеті тапсырылды.
Студент болу - барлық жастың арманы. Ал осы арманына қол жеткізіп, үйден жырақта өмірді танып, өзін танытып жүрген жастарды өнердегі аға-әпкелері құттықтады.
«Жаңа белес-2013» - бірінші курсқа қабылданған студенттерді бас шаһар өміріне белсене араластырып, шығармашылық әлеуетінің дамуына мұрындық болуды мақсат етеді. Алда мұндай шара дәстүрлі түрде өткізілмек.