Елордада студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатарында 1 мың студент еңбек етті

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қаласы студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына қосылған жастардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.
None
None

Бұл туралы бүгін еңбек маусымның жабылу салтанатында Астана қаласы студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының басшысы Рахат Хамидуллин мәлім етті.

Р. Хамидуллиннің айтуынша, биыл студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатарындағы жастардың саны былтырғы жылға қарағанда екі есеге өскен. Өткен жылы еңбек жасақтарына 500-ге тарта жас тартылған болса, биылғы жылы мыңға тарта студент жұмыспен қамтамасыз етілген.

«Еңбек маусымы мамыр-тамыз айлары аралығында өтеді. «Жасыл ел» жастар жасағы қаланың саябақтарында ғана емес, елорданың жасыл белдеу құру жұмысына да атсалысып жүр. Ал студенттік құрылыс жасақтары қаланың құрылыс нысандарында, жол төсеуде еңбек етеді», дейді ол.

Еңбекпен қамту жобасына жыл сайын студенттердің қызығушылығы артып келеді. Басты себеп - мұндағы тұрақты еңбекақы (әрбір жауынгер орташа есеппен 30-40 мың теңге алады) мен мол тәжірибе жинақтау мүмкіндігі.

Еңбек маусымының жабылу салтанатында ең үздік жауынгерлер, үздік командирлер мен үздік шеберлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар еңбек маусымына белсенді атсалысқан жоғары оқу орындары және жұмыс берушілер алғыс хаттарға ие болды.

Еңбек маусымының жабылуына қатысты Республикалық штабтың қорытынды жиыны Ақтөбе қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар