Елордада су добынан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтуде

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада 1998-1999 жылдары туған жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан чемпионатының финалы және 2000-2001 жылдары туған жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі өтуде.

Елордада су добынан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтуде

Жеткіншек қатысушылар арасындығы ұлттық біріншілік «Қазақстан» спорт сарайы бассейнінде өтіп жатыр.

«1998-1999 жылдары туған жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан чемпионатының V туры мен финалына 7 команда, 2000-2001 жылдары туған жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңіне 8 команда қатысуда. Астана құрамасы біріншілікке 3 команда ұсынған. Былтыр 1998 жылы туған жасөспірімдер арасындағы чемпионатты Астана құрамасы жеңген болатын. Ұлттық біріншілік кезеңдерінің қорытындысы бойынша елордалық жасөспірімдер ұпай санымен Алматы және Қарағанды командаларымен бірге келеді. Биыл бұл титулды қорғап қалуымыз керек», - дейді Астана қаласының су добынан бас жаттықтырушы Әділ Темірханов.

Ел чемпионатының ақтық сыны 12 мамырға дейін жалғасады.