Елордада су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету штабы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Астанада TaskynKomek штабы ашылды.
Бұл туралы қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Facebook-тегі өзінің парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Штаб құру идеясын көтерген алғашқылардың бірі «Республика-Өңір-Даму» қоғамдық қорының жетекшісі, блогер Ғалым Байтұқ болды. Ол бізге ғимарат ұсынды және бірінші болып жылы киімдер әкеліп берді. Хабарландыру жасалған соң, көп ұзамай азаматтар азық-түлік пен киімдер жеткізе бастады», - деп жазды Мұрат Әбенов.
Штаб туралы барлық қосымша мәліметтерді #TaskynKomek хештегі арқылы немесе astanaopen.kz сайтынан көруге болады.
Штабтың мекенжайы: Астана, Қонаев көшесі, 35, «Республика-Өңір-Даму» ҚҚ кеңсесі.
Еске сала кетсек, биыл Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарын қызыл су басты. 4,7 мың адам өз үйлерінен көшуге мәжбүр болды. Су басқан аймақтарда 1156 үй және саяжай учаскелері бар.