Елордада судың сараланған тарифтері енгізілетін болады
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ағымдағы жылы елордада суды көлеміне қарай тұтынудың сараланған тарифтері енгізілетін болады. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры Абзал Естаев мәлім етті.
Оның айтуынша, аталған тарифтерді 2011 жылдың тамыз айында енгізу жоспарланып отыр. «Себебі есептеулерге сәйкес, әрбір адам күніне 100 литрден артық суды тұтына алмайды. Ал қазіргі кезде суға белгіленген тарифтердің бағасы бұл көрсеткішті екі еселеп төлеуге мәжбүрлеп отыр», - дейді А.Естаев. Департамент басшысы хабарлағандай, Астана қаласы бойынша суды көлеміне қарай тұтынудың сараланған тарифтерінің бағасы әлі анықталмаған.