Елордада «Сүндет-2021» акциясы өтіп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық емханаларда «Сүндет-2021» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың мүгедек балаларына сүндетке отырғызу рәсімі тегін жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ созылмалы ауруға шалдыққан және толық емес отбасылардың ұл балалары ерекше назарға алынды.
Сүндеттеуді уролог және өз ісінің шебері, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов және №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жоғары білікті мамандары жасады. Тимур Мұратов балалардың жағдайын біліп, біраз сұхбаттасты.

«Бұл біздің екінші ұлымыз, 3 жаста. 10 күн бұрын баламызға дәстүр туралы көп айтып, моральды тұрғыдан дайындағанбыз, нағыз жігіт болады деп сендірдік. Ұйымдастырушылар мен емхана басшылығына алғыс білдіреміз. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара, барлығы қарастырылған», - деді сүндетке отыратын баланың анасы Ляззат Айтуғанова.
Жыл сайынғы акцияның мақсаты — көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан мүгедек және созылмалы аурулары бар балаларға әлеуметтік көмек көрсету .
Акция аясында бұл медициналық қызмет жыл сайын ақысыз түрде жүзеге асырылады.
Сүндеттеуді қалалық №9 емханада хирургтар мен урологтар өткізді. Бұл жерде 2-5 ота жасау кабинеттері ұйымдастырылған.



