Елордада «Сұрапыл жылдар қаһармандарына тағзым» атты кітаптың 4-ші томының таныстырылымы болды
«Бұл кітап сол бір жанқияр ерлік пен елеулі еңбекке толы жылдарды жадымызда сақтап саралау үшін жазылған алдыңғы кітаптардың қорытындысы деуге болады. Мұнда ардагер аға ұрпақтың естелігі де, бүгінгі буынның ой-толғамы да көрініс тапқан», деп атап өткен Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Алпысбеков жинақтың шығуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтарға мақтау грамотасын табыс етті.
Сондай мақтау қағазына ие болған азаматтың бірі Астана қалалық ардагерлер кеңесінің бас сарапшысы Хайдар Меңдіқұловтың сөзіне қарағанда, басылымның соңғы томына Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейінгі жылдары еліміздің көркеюі жолында еңбек еткен майдангерлердің, балалық шағын сұм соғыс жалмап, майдан үшін күні-түні жұмыс істеген осы күнгі ардагерлеріміздің естеліктері енген. «Бұл кітап оқырманға, әсіресе жасөспірімдерге үлкен сабақ болады деп есептеймін. Оған Ақмола облысы мен Астана қаласының мыңдаған азаматы еніп отыр. Ардагерлердің өмірінен сыр шертетін мақалалардың басым бөлігі мерзімді басылымдарда жарық көрген жарияланымдар», деді Х.Меңдіқұлов.
1400 данамен жарық көрген кітап мектептерге, соғыс, еңбек ардагерлеріне тегін таратылмақ. Бүгін тұсауы кесіліп отырған жинақтың соңғы томы алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған іс-шаралардың бірі болып есептелінеді.
Алқалы жиынға елордалық соғыс және еңбек ардагерлері, қалалық әкімшіліктің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Ақмола облысынан Отан қорғауға аттанған 69 880 азаматтың 33 950-і қайта оралмады. Сонымен қатар 437 ақмолалық майдангер сұрапыл соғыс барысында көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.