Елордада суретші Бақытжан Бұқарбайдың кеншілер келбетін ашатын суреттер көрмесі ашылды (ФОТО)

Суретші көрмеге қойған 12 суреті арқылы Қазақстанды түгелдей дерлік жылумен қамтып отырған, алайда, жұмыстары еленбей қалып жататын шахтерлердің ауыр жұмысын ашып көрсетуге тырысқан. Көрмеге жиналған халықтың лебізіне қарасақ, суретші мақсатына жеткен тəрізді. Айта кетейік, көрме Шұбаркөл кен орнының отыз жылдығына орайластырылған.
«Бүгінгі көрмеге 12 суретімді əкелдім. Көрермендер графика техникасымен салынған жұмыстарды тамашалай алады. Бұл жұмыстар көмір қарындашпен салынған. Тақырыбы - Шұбаркөл көміріне арналған. Мамандығым суретші емес. Мен саясаттанушымын, бір жағынан журналистика саласында да қызмет етемін»,-деген Бақытжан «сурет салуға, əсіресе, Шұбаркөл көмірі туралы сурет салуға не түрткі болды?» деген сұраққа былай деп жауап берді:
«Мен Алматы қаласының тұрғынымын, сол тоқсаныншы жылдары тұрған жерімізге газ тартылмағандықтан, көмір жақтық. Сол балалық шақтан есте қалған дүние болу керек, көмірдің түрі көп болса да, «Шұбаркөл көмірі» деген атау əлі есімде. Екіншіден, шығармашылығымда еңбек адамын бейнелегім келеді. Біз қарапайым жұмысшының еңбегін күнде байқай бермейміз. Біз жылы жерде жұмыс істейміз, құрғақ жерде отырамыз. Ал осы игіліктің барлығы еңбек адамдарының арқасы, соны естен шығармау керек»,-дейді көрме иесі.
Жалпы, Бақытжанның айтуынша, бірінші көрмесі былтыр Алматы қаласында өткен.
«Былтыр Алматы қаласында өткізген тұңғыш көрмеме майлы бояумен салынған жиырма жұмысымды шығарған едім. Əрине, көрмеге лайықты деген суреттер болады жəне сол сияқты көрмеге шығара алмайтын туындыларым бар. Айтпағым, 20, 12 суретпен суретшінің өнері шектелмейді»,-дейді Б.Бұқарбай.
Көрмені ашу салтанатына «Шұбаркөл көмір» АҚ басшылары, журналистер мен Инвестиция жəне даму министрлігінің өкілдері қатысты. Көрме 3 желтоқсанға дейін жалғасады.