Елордада суретші Ғ. Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі ашылды

АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі ашылды.

Елордада суретші Ғ. Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі ашылды

Экспозицияда суретшінің 45-ке жуық көркем туындысы ұсынылған. Ғалым Қаржасов 1954 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. Ол  1980 жылы Алматы қаласында Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Ғ. Қаржасовтың туындылары Нью-Йорк, Варшава, Вроцлав, Берлин, Амстердам, Штутгард және Мюнхен мұражайларында сақтаулы. Суретшінің жеке көрмелері Павлодар, Қарағанды, Алматы, Омбы, Санкт-Петербор, Астана қалаларында өткізілді.

Қылқалам шеберінің авторлық мәнеріне кенептің өрнектілігі тән. Оның маталарында тұтас бейнелер сыйып кететіндей әсер қалдырады. Келушілердің көз алдына бейне бір құлпырған текемет немесе сәнді шығыс матасы төселгендей әсер қалдырады. Туындыларда өткен заман мен қазіргі заманның адам бейнесі ұтымды сомдалған. Ата-бабаларымыздың бейнелері қоршаған ортамен өз үйлесімін тауып жатса, өз кезегінде замандастарымыздың түр-тұрпаты классикалық еуропа өнерінің дәстүрінде орындалған.

«Бұл көрмеде ұсынылған туындыларымда тарихи тақырыптар, тұрмыс-салт, туған ауыл, әйел бейнесі, дін, табиғат, батырлар тұлғасы сынды түрлі тақырыптар қамтылған. Менің шығармаларымның дені жазушы Роллан Сейсенбаев шығармаларының мотиві бойынша салынды. Соңғы бір жыл ішінде Астана жұртшылығына шамамен үш рет өзімнің жеке көрмеммен келіп отырмын», - дейді суретші.