Елордада суретші Қ. Асқаровтың «Жеті қазына» атты жеке көрмесі ашылды
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Теміртаулық суретші Қуат Асқаровтың «Жеті қазына» атты жеке көрмесі ашылды.
Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайына қойылған талантты қылқалам шеберінің 53-ке тарта туындыларының барлығында тәуелсiз мемлекетiмiздiң елжанды азаматының, ешкiмге ұқсамайтын сыршыл суретшінің ел мен жер туралы жан толғанысы көрініс тапқан. «Шежіре» атты қазіргі заманғы өнер галереясының ұйытқы болуымен өткізіліп отырған көрменің негізгі тақырыбы ауыл өмірі және ауылға деген сағыныш.
«Жеті қазына» - бұл бүгiнгiдей ауылға бет түзеген заманда туған елiн қастер тұтатын кiм-кiмнiң де iзгi сезiмiн оятатын, азаматтық намысын қозғайтын, жүрек отымен жазылған шымыр шығармалар жиынтығы.
«Автордың ауылға деген құштарлығынан оның табиғатты көру, түйсiнуi де ешкiмге ұқсамайды», дейді көрмені ұйымдастырушылар.
Оның суреттері символдарға толы және оның қандай мағына беретінін жорып -білу аса қызықты. Автордың айтуынша, жан толғанысынан шыққан суреттерге берілетін бағаны көрермендер аузынан есту де ғанибет.
«Әдетте көрермендер мен ойлаған фәлсападан да тереңірек мағына тауып жатады. Мен тек өз ішкі сезімімді, көргенімді қағазға түсіремін», дейді Қ. Асқаров.