Елордада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» тақырыбында семинар өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» тақырыбында кіріспе семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шара «Adaldyq Alany» жобалық кеңсесі мен «Даму Қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті ілгерілету бойынша бірлескен күш-жігерді дамытуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті.
Семинардың спикері ретінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аппаратының басшысы Айжан Шайназарова және «Adaldyq Alany» жобалық кеңсесінің басшысы Тимур Жұмырбаев сөз сөйледі. Тренингті ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының комплаенсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер орталығының сарапшысы Айбек Қабылдин өткізді.

Семинарға квазимемлекеттік сектор субъектілерінің комплаенс-қызметкерлері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының комплаенс қызметкерлері қатысты.
«2020 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының идеясы іске асырылып, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде «комплаенс-қызмет« ұғымы құқықтық деңгейде бекітілді. Осы кезеңнен бастап мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында комплаенс-қызметтер құрылуда, олардың негізгі міндеті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, ұйымдарға адалдық принциптерін енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қағидаттарын дағдыландыру және мемлекеттік органдардың басшыларына жұмыста көмек көрсету болып табылады», - деді Айжан Шайназарова.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру процесіне комплаенс қызметкерлерін тарту мақсатында осындай білім беру алаңдарын тұрақты негізде өткізу жоспарлануда.
