Елордада тағы екі көшеде көлік жүруіне тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Еңлік-Кебек және Сұлукөл көшелері жабылатын болды.
Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Сұлукөл көшесінің Еңлік-Кебек көшесінен бастап Ардагерлер көшесіне дейінгі учаскесінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлайды.

Осыған байланысты 30 және 31 тамызда жоғарыда аталған учаске толығымен жабылады.
Сондай-ақ Еңлік-Кебек көшесінің Болашақ көшесінен бастап Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі учаскесінде де орташа жол жөндеу жұмысы басталады.

Бұл учаске 29-30 тамыз күндері толығымен жабылады.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан қала жолдарында кептеліс болмас үшін өз маршрутын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және жол-құрылыс жұмысын жүргізуге түсіністікпен қарауды өтінеміз» деп ескертеді әкімдіктен.
Мұның алдында Астанада Мәңгілік ел мен Сарайшық қиылысындағы жолайрық жабылғанын хабарлаған едік.