Елордада тағы бір бала суға батып кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 18 тамыз күні бір бала суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада тағы бір бала суға батып кетті

Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кеше сағат 18-39-да елордалық құтқару қызметінің «101» пультіне Сарыарқа ауданының Аққорған көшесі бойында Есіл өзеніне қыз баланың суға батып кеткені туралы хабарлама түскен. Төтенше жағдай орнына 1 техника мен 4 құтқарушы жедел жіберілген.

«Құтқарушылар шақырту орнына жеткен бойда орын алған жағдайды жедел бағалап, сүңгуірлер тобы су түбін зерделеп, қызды іздестіру жұмыстарына жедел кірісті. Бұл жерде қазба жұмыстарының жүргізіліп жатуы және су түбінің батпақты болуы іздестіру жұмыстарын қиындатты. Сонымен қатар бұл учаскеде суға түсуге рұқсат жоқ. Алайда қиындықтарға қарамастан құтқарушылар сағат 20-47-де сүңгуір жабдықтарының көмегімен 2008 жылы туған қыз баланың мүрдесін судан алып шықты», - деді департаменттен.

Өкінішке орай, суға шомылу маусымының басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 9 адам суға батты, оның 5-еуі балалар. Қайғылы оқиғалардың барлығы суға түсуге тыйым салынған орындарда тіркелген.