Елордада тағы бір іргелі мешіт ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін қасиетті жұма күні Нұр-Сұлтан қаласындағы сапаржай мен ескі темір жол маңынан жаңа мешіт ашылды. Жаңа мешітке «Рахымқызы Раиса ана» деген атау берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада тағы бір іргелі мешіт ашылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, бұл - елордада есігін айқара ашқан 11-ші мешіт. Жеке мердігердің көмегімен салынған құлшылық орнының ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысып, жиылған жұртшылық алдында мешіт салудың сауабына тоқталды.

«Мешіт - адамдарды мейірімге, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл - имандылықтың, білімнің, ғылымның ордасы. Кешегі Қараөткелден келе жатқан Ақмола, кеше ғана халқымыздың басын біріктірген Астана, бүгін нұрланып дамып жатқан Нұр-Сұлтан қаласында халықтың негізгі бөлігі шоғырланған жерге мешіт көптен бері қажет еді. Мінеки, Елбасымыздың тапсырмасымен дәл осы халық тығыз орналасқан жерге мешіт салдырған әулетке Алла разы болсын дейміз», - деді Бас мүфти бүгінгі мешіттің ашылу рәсімі кезінде.
null

Айта кетейік, бас қаланың оң жағалауында бой көтерген жаңа мешітке бір мезетте 1500-2000 адам еркін сыйып, құлшылығын өтей алады. Сондай-ақ, мешіт жанынан ас беруге, Рамазан айында ауызашар беруге ыңғайлы асхана да ашылды.

null