Елордада «Тақиялы періште» кинофильмінің бұрын-соңды болмаған концерттік қойылымы ұсынылады
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Астана қалалық мемлекеттік филармониясының шығармашылық ұжымдары осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын көрермендердің көзайымына айналған «Тақиялы періште»
кинофильмінің бұрын-соңды болмаған концерттік қойылымын ұсынады. Киноконцерт ертең елордадағы Конгресс-Холл сарайында өтеді, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Біртуар режиссер Шәкен Аймановтың тамаша көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызықты сюжетімен есте қалатын ерекше фильмі «Тақиялы періште» 1968 жылы жарыққа шықты. Фильм барысында 60-жылдардағы Алматы қаласы, сол кездегі жастардың болмысы көрсетіліп, сюжет «Тақиялы періште» деп еркелететін кенже баласының бойдақ жүргені жүрегіне батқан Тана апаның баласына қалыңдық іздеу желісіне құралған.
Концертке Симфониялық оркестрдің камералық ұжымы (көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов), Камералық хор (көркемдік жетекшісі және дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов), ВИА «Арман» (көркемдік жетекшісі Арман Мұқашев), «Шалқыма» халық биі ансамблі (көркемдік жетекшісі мәдениет қайраткері Әбдірасыл Есекеев), классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің солистері, дәстүрлі әншілер, балет солистері Мәдина Басбаева мен Рүстем Сейітбеков қатысады.
Идея авторы - Астана қалалық мемлекеттік филармониясының бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов, сценарий авторы - Жанна Әубәкірова, қоюшы суретші - Серік Балтаев, режиссері - Марина Гарбуз.
Кеш қонақтары Тайлақтың рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков пен Айшаны ойнаған Шолпан Алтайбаева.