Елордада тамыз айында мектепке дейінгі білім беретін 52 мекеме ашылды
АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада мектепке дейінгі мекемелерге бармаған балалар үшін оқу жылы басталғанша дайындық сабақтары ұйымдастырылды.
Бұл туралы astana.kz сайты қалалық Білім басқармасынан сілтеме жасап хабарлайды.
«Биылғы оқу жылында Астанада жалпы білім беретін 52 мектеп жанынан «Балдырған мектебі» ашылды. Соның ішінде 28 мектеп қазақ тілінде және 24-і орыс тілінде оқытады», - делінген ақпаратта.
Мектепке дейінгі дайындық сыныбы туралы баланың тіркелген жері бойынша орналасқан мектептен білуге болады.
Білім басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта 1 мыңнан астам бала елордалық «Балдырған мектебінде» оқып жүр.
«Балдырған мектебі» мектепке дейінгі дайындық пен бастапқы мектеп дайындығы арасындағы оқудың бірізділігін жүзеге асырады, педагогтар мен ата-аналарға балаларды мектепке дайындауға көмектеседі. Аталған дайындық сыныптары балалардың оқуға деген ынтасын оятып, өзінің маңыздылығын түсінуге және өз-өзіне деген сенімін қалыптастырады», - дейді басқармадағылар.
Кестеге баланың жеке жас әлеуетін барынша ашуға септігін тигізетін сабақтар енгізілген.
Атап айтқанда, «Сүйікті әліппе», «Көңілді есеп», «Қолымызды жазуға дайындаймыз» және «Қызықты еңбек». Қызықты әрі ойын түріндегі сабақтар аптасына 5 рет өткізілмек.