Елордада тамыздың алғашқы күндерінде 2 қасақана кісі өлтіру оқиғасы тіркелді - ІІД
АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордада тамыздың алғашқы күндерінде 2 қасақана кісі өлтіру фактісі анықталды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында Астана қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының бастығы Марат Төлебаев мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтар болсақ, тамыздың 1-інде Желтоқсан көшесіндегі тұрғын үйдің кіреберісінен 1968 жылғы, бұрын сотты болған азаматтың мәйіті табылды. Криминалды полиция қызметкерлері көп кешікпей күдіктіні қолға түсірді. Күдікті алдында бірнеше рет сотты болған екен.
М.Төлебаевтің айтуынша, екеуара жанжалдан кейін күдікті жәбірленушінің кеудесінен пышақпен ұрған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
«Заттық айғақтар табылды. Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды», деді М.Төлебаев.
Тағы бір мәйіт тамыздың 2-сі күні таңертең Жұмабаев көшесінің бойынан табылады. Ол 1967 жылы туған азамат екендігі анықталды.
«Бұдан бір күн бұрын жәбірленуші мен 1969 жылы туған азамат өзара сөзге келіспей, кикілжіңнің салдарынан бірі екіншісінің басынан үлкен балтамен соққы береді. Күдікті мәйітті Жұмабаев көшесінің бойына ағасы екеуі апарып тастайды. Жәбірленуші де, күдікті де қаланың психологиялық диспансерінде тіркеуде тұрған азаматтар», деді Криминалды полиция басқармасының бастығы.
Қазіргі уақытта күдікті айыбын мойындап отыр.