Елордада тау-кен колледжі мен балаларды оңалту орталығы салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада тау-кен колледжі мен балаларды оңалту орталығы салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Халықты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және 350 төсек-орындық көпбейінді аурухана салынады. Сондай-ақ елордада инвесторлардың өз қаражаты есебінен 900 студентке арналған тау-кен колледжін және балаларды оңалту орталығын салу жоспарланған. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 9 мәдениет үйін, 3 демалыс орталығын, 2 мәдени ойын-сауық кешенін және 50 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығын салу көзделген», - деді министр.
Оның дерегінше, агломерацияның көліктік-логистикалық инфрақұрылым мәселелерін шешу мақсатында кешенді жоспарда 6 логистикалық кешен, электровоздарға қызмет көрсету және қала маңындағы тұрақты бағдарларды субсидиялау жөніндегі сервистік орталық салу шаралары қарастырылған.
«400 шақырымнан астам жол жөнделіп, агломерацияның елді мекендеріне 300 шақырым жол және 4 көпір салынатын болады. 700 шақырым кәріз жүйесін, 500 шақырым сумен жабдықтау және су бұру, 800 шақырым электр беру желілерін, 3 қазандықты, 30 шақырым жылу беру желілерін, 1 100 шақырым газ құбырын салу, жаңғырту жоспарланған», - деді Нұрлан Байбазаров.