Елордада Тәуелсіздік күніне орай автошеру өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада мемлекеттік ту тағылған 30-дан астам жеңіл көліктің қатысуымен автошеру ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік 31 жылдығына орай қала әкімдігінің ұйытқы болуымен автошеру өтіп жатыр. Аталған шара соңғы 5 жыл бойы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Автошеруге 30-дан астам жеңіл көлік қатысуда. Әр көлікке мемлекеттік ту тағылған. Бүгінгі шараға белсенді азаматтар, жастар және волонтерлер қатысып жатыр», - деді Астана қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Аян Ерментаев.

Автошеру қатысушылары мемлекеттік рәміздер алаңынан бастап «Отан қорғаушылар» монументіне дейін 31 шақырымды жүріп өтеді.

«Бүгінгі шара Тәуелсіздік күніне арналып отыр. Одан бөлек, мерекеге орай елорда жастарының қатысуымен мәдени және спорттық іс-шаралар өтеді. Осы орайда астаналықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, мерекелік шараларға шақырамыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар