Елордада тәулігіне 188 мың текше метр су тазартатын жаңа нысан салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада су тапшылығының алдын алу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жаңа су құбыры, кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарының құрылысы жалғасып жатыр.
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
Оның айтуынша, ауыз су тапшылығын болдырмау үшін өткен жылы станцияларға тәулігіне 50 мың текше метр су жеткізетін техникалық су құбырының құрылысы басталған. 2025 жылы 3,2 шақырым құбыр тартылса, биылғы бес айда тағы 5,8 шақырымы салынған.
«Алдағы жылдары магистральды су құбыры желілерін салу бойынша шамамен 20 жобаны іске асыру қажет. Бұл жобалар қаланы сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар былтыр шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілерінің 10 шақырымы және екі кәріз-сорғы станциясының құрылысы аяқталған. Биыл тағы екі кәріз-сорғы станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта елордада тәулігіне орта есеппен 350-360 мың текше метр ағынды су шығарылады. Осыған байланысты биыл өнімділігі тәулігіне 188 мың текше метр болатын жаңа КТҚ-2 кәріз тазарту құрылысының және оған қажетті коллекторлардың құрылысы басталады.
Сондай-ақ Көктал, Өндіріс тұрғын алаптары мен Индустриялық парк аумағында жалпы қуаттылығы тәулігіне 85 мың текше метр болатын жергілікті тазарту құрылыстарын жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаладағы нөсерлі кәріз жүйесі бүгінде 20 тазарту құрылысынан, бір жинақтау тоғанынан және жалпы ұзындығы 621 шақырым болатын магистральды коллекторлардан тұрады.
Соңғы жылдары 22 шақырымнан астам нөсерлі кәріз желісі салынып немесе жаңғыртылып, тоғыз сорғы станциясы мен алты тазарту құрылысы іске қосылған.
Қазір Триатлон паркі ауданындағы ТҚ 1-4 және Ақжол көшесі бойындағы ТҚ 6-1 тазарту құрылыстарын салу және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар Алматы және Байқоңыр аудандарындағы бірқатар көшелерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Астанадағы Мәңгілік Ел мен Сығанақ қиылысында қозғалыс екі аптаға шектеледі.